«Мұхтар әлемі»

«№39 кешкі(ауысымды) КММ»
Тәрбие сағаты
«Мұхтар әлемі»
(М. Әуезовтің 125-жылдығына арналған әдеби кеш)
Ұйымдастырушылар: қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімдері
Нұр-Сұлтан
Мақсаты:
Мұхтар Әуезовтің өмір жолы мен жазушылық қызметінен, шығармашылығынан мағлұмат беріп, жазушының әлемдік мәдениетке қосқан үлесі туралы оқушылардың білімдерін жүйелеу.
Дамытушылық: Оқушылардың өзіндік ізденіс жұмыстарына баулу,ой-өрісін , рухани жан дүниесін байыту. Ойын ашық білдіру, еркін сөйлеу дағдыларын жетілдіру.
Тәрбиелік: Әлем таныған Әуезовтың ұлылығын дәріптеу. Қазақ елінің мақтанышына айналған заңғар жазушыны құрметтеуге, оқушыларды елін сүюге, әдебиетті білуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: М.Әуезов портреті, кітаптар көрмесі, азаматтық шығармашылығына байланысты презентациялық слайдтар, бүктемелер.
Барысы:
Жоспар:
Кіріспе:
М.Әуезов туралы видеотаспа. 2 мин
1- жүргізуші: — Армысыздар, текті елімнің текті ұрпақтары!!!
Бүгінгі «Мұхтар әлемі» атты әдеби кешімізге қош келдіңіздер.
Мұхтар Әуезов – қазақ әдебиетінде тәңірлік ұғыммен деңгейлес тұлға. Оның тылысым әлем тұңғиығынан жаралғандай дана кейпіне қарап отырып, бүтін дүниенің келбетіне көз тіккендей боласың. Әуезовтің суретінде де жан бар. Сабырлы , ойлы жан.
Табиғаттың бір туарлары , халқымыздың парасат әлеміндегі ғажайыптар, саф, таза сұлулар, айрықша оқшау құбылыстары-Абай, әрине, Мұхтар.
Қазақ әдебиетінің өзі осыны дәлелдеп отыр
2 — жүргізуші: — Армысыздар, кешке жиналған көпшілік қауым!
Әдебиет пен ғұмырын бүгінгі 125 деген сандық көрсеткіш әйгілейді. Мұхтар есімін ауызға алсақ, кітап патшалығының рухы тебірінеді.
Ғұлама әлеміне терең үңіліп, өмірі мен шығармашылығымен толық танысу мақсатында Мұхтар Әезовтің туғанына 125 жыл толуына орай осы кешімізді ұйымдастырып отырмыз.
Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына арналған әдеби кешімізді ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер!!!
1-жүргізуші: Бүгінгі «Мұхтар әлемі» атты әдеби кешіміз қазақтың әйгілі жазушысы, қоғам қайраткері, филология ғылымының тұңғыш докторы, профессор, Қазақ КСР — ның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жылдық мерейтойына арналады.
2 — жүргізуші: М. Әуезов — жомарт табиғаттың жарық дүниеге тым сараң сыйлайтын біртуары. XIX ғасырдың асқар белі Абай болса, ХХ ғасырдың заңғар биігі — Мұхтар Әуезов.
1-жүргізуші . Әдебиет әлеміне құшақ жайған, сырлы да, сыры мол поэзия мен проза төріне қанат сермеген болашақ әдебиетші ұл-қыздарымыз 9,10,11-сынып оқушылары қатысады.
2-жүргізуші: Жазушыға талай ақындар жүрек жарды сүйікті жырларын арнаған.Мысалы: Қасым Аманжолов «Мұхтар аға!», Сырбай Мәуленов «Мұқаңа», Расул Ғамзатов «Мұхтар аға», Мұхтар Шаханов «Менің есімімді неге Мұхтар қойған?», Қалқаман Сарин «Мұхтар Әуезовке»
Қасым Аманжолов «Мұхтар аға!», Сырбай Мәуленов «Мұқаңа»
Биіктеп Алатаудың Талғарындай, (АИДА)
Тереңдеп Атыраудың аңғарындай,
Аңқылдап жомарт көңіл келе жатыр,
Қазақтың даласының аумағындай.
Тәтті сөз тамылжыған таңдайында,
Бұлақтай атқылаған әрдайымда.
Тоғысып толқын ойдың тораптары,
Жатқандай оның жалпақ маңдайында (Сырбай Мәуленов «Мұқаңа»)
Кеудеңізде алтын ғасыр суреті, (ЖАСҰЛАН)
Тұлғаңызға бір қарасын жер беті.
Ұқсын әлем қандай екен жанымыз
Рахмет сізге, дана халық перзенті (Қасым Аманжолов «Мұхтар аға!»)
«Дана Мұхтардың ұрпағы»- дейді , Бекболат
Мына жұрт мені жиі атап,
Санасыз ерді семірте берер,
Сылдыр сөзбен сый, атақ.
Тұяғы дүлдүл тұлпардан туып,
Тартпасам тарлан тегіме,
Алшаңдап басып, ауыз толтырып,
Айтудың өзі –ұят- ақ. (Қалқаман Сарин «Мұхтар Әуезовке»)
Ғасыр туған Мұхтардай ғажабымды, Айкөркем
Өмір жолы біздерге ғажап үлгі.
«Абай жолы» арқылы айдай әлем,
Бір ақ күнде таныған қазағымды.
Тағдырымен тайталаста мәре сыздық,
Сөзімде болмайды еш дәлелсіздік.
Кешегі арыстардың арқалары,
Туыңдай боп желбіресе Тәуелсіздік.
Күлі әлемді талантымен таң қылып,
Мойындатқан қазағымды мәңгілік.
Мұхтар ұлықтықтың символы деп,
Танумызға болатыны заңдылық. (Оқушы өлеңі «Мұхтарға»)
1-жүргізуші
Ұлы адамдардың естеліктері
Әуезов Қазақстан үшін екінші Абай, біз үшін Шығыстың Шолоховы еді.
Н.Погодин
Біз үшін Абай қандай болса, Мұхаң да – сондай даналық мектебі. Ол мектептен дәріс алу – әр қазақтың абыройлы борышы.
Дінмұхамед Қонаев, мемлекет қайраткері
Әлемді көз алдыңа келтіру үшін, басқалардың көзіне түсу үшін, адам рухының қадір-қасиетін асқатата көтеріп, жар салу үшін өз биігің – Мұхтар Әуезов сияқты асқар шыңың болу керек. Шығыс Айтматов, жазушы
Мұхтар Әуезов – ақын. Ол өз елінің далалары мен тауларын, адамдарын үлкен эпик ақынша асқан суреткерлікпен бейнелейді. Сонша ұлылықпен, сонша суреткерлікпен және Әуезовтей кісі жырлаған халық шын бақытты ғой.
Бержерон, француз жазушысы
«Мұқаң — әрі жазушы, әрі ғалым, әрі ұстаз, әрі қоғам және мемлекет қайраткері. Ол осының бір де бірінде осалдық көрсетпеген, бәрінде де орасан күшті, бәрінде қатар және тең ұстаған адам.» Абайша айтқанда, «Қас бұлақтың суындай сылдыраған өңкей келісімнің үлгісі болатын.»
Зейнолла Қабдолов
2-жүргізуші Өскен ортасы мен еңбек жолы
1-оқушы: Ол қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданы жерінде 1897 жылы жиырма сегізінші қыркүйекте туған. Алғашқыда 1908 жылы Семейдегі Камалиддин хазірет медресесінде оқып, одан кейін орыс мектебінің дайындық курсына ауысады. 1910 жылы Семей қалалық бес кластық орыс қазына училищесіне оқуға түсіп, соңғы класында оқып жүргенде «Дауыл» атты алғашқы шығармасын жазады.
2-оқушы: Училищені 1915 жылы аяқтап, Семей қалалық мұғалімдер семинариясына түседі. Семинарияда оқып жүріп Шәкәрім Құдайбердіұлының«Жолсыз жаза» дастанының негізінде «Еңлік-Кебек» пьесасын жазып, оны 1917 жылы маусым айында Ойқұдық деген жерде сахнаға шығарады.( Мұхтар Омарханұлы Әуезов құрметіне шығарылған марка)
3-оқушы: Әуезов қаламынан 30-дан аса драмалық шығарма туды. Жеке пьесалардың варианттарын қоссақ, 50-ден асады. Әуезов драматургиясында жанрлық формалардың бәрін қамтыған. Онда трагедия да, комедия да, драма да бар. Әуезов кейбір шығармаларын бірігіп жазған. Олар: Л. Соболев («Абай»), С. Мұқанов («Ақан — Зайра»), Ғ. Мүсірепов («Қынаптан қылыш»), Ә. Тәжібаев («Ақ қайың»), Ә. Әбішев («Намыс гвардиясы»), «Октябрь үшін» (1933) пьесасының материалдары — Жетісу қазақтарының революцияға келуі. Кейіпкерлері — Д. Фурманов, Ж. Бәрібаев. Кітаптың мұқабасында «Мұны жазуға Қ.Байсейітов, Бековтар қатысты» деген сөздер бар. Әуезовті әдебиетке «Еңлік — Кебек» алып келді. Шығарма өзегі — эпостық материал. Әлемдік әдебиеттегі мұндай тәжірибе енімді дәстурлердің бірі. Әуезовтің «Еңлік — Кебегі» 1922 жылы Орынборда басылды. Кейіпкерлері сахна тілімен сөйлейді. Автор өзінен бұрынғы мотивтерден алыс кетпеген. Билер сахнасы — көркемдік тамаша табыс. Кемшілік, олқылықтарды ескеріп, Әуезов пьесаны 1943 жылы қайта жазды. Бірнеше көрініс қысқарды. Аса терең, мәнді шығарманың бірі — «Түнгі сарын». Бұл — қазақ драматургиясында реализмнің орныққанын көрсеткен туынды.
4-оқушы: Ол 1961 жылы 27 маусымда Мәскеу қаласындағы Кремль ауруханасында операция кезінде қайтыс болды. 1961 жылы қайтыс болғаннан кейін Республика Үкіметі қаулы қабылдап, ұлы жазушының есімін мәңгі есте қалдыру мақсатымен Ғылым академиясының Әдебиет және өнер институты мен Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрына Мұхтар Әуезовтың аты беріледі, әдеби мемориалдық мұражайы ашылып, бірқатар мектеп, көше және Алматының бір ауданы М.Әуезов атымен аталды.
5-оқушы: «Абай жолы» – Мұхтар Әуезовтың әлемге әйгілі роман-эпопеясы. «Абай жолы» – қазақтың көркем прозасын классикалық деңгейіне көтеріп, әлем әдебиетіне көркемдік қуат әкелген үздік туынды. Әуезов өзінің роман-эпопеясында қазақ халқын, оның ұлттық дәстүрін барлық қырынан энциклопедиялық деңгейде жан-жақты ашып көрсетті. Әуезовтың «Абай жолы роман-эпопеясы әлемдік деңгейде: «XX ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі» (Луи Арагон) деген жоғары баға алды.
1-жүргізуші
Бұл оқылған дүниелердің бәрі біз үшін құнды. Өзінің ғажайып таланты, асқан еңбекқорлығы арқасында халқына қалтқысыз қызмет еткен, көркем сөздің шыңына шығып, соңына мәңгі өлмес мұра қалдырған әлемге әйгілі жазушыны дәріптеу — біздің абыройлы міндетіміз деп танимыз.
2-жүргізуші
Ендеше, Мұхтар Әуезов туралы не білеміз?
Жол басы
- Мұхтардың туып өскен жері?
(Семей облысы Абай ауданы шыңғыс болысы)
- Он бір жасында Мұхтардың өмірінде қандай оқиға болды?
(Әкесі қайтыс болды)
- Санк-Петербургте өмірінде қандай өзгешелік болды?
( Университетке түсіп,1928 жылы фил.факультетін бітірді)
- Қайда,қашан қайтыс болды?
(1961жылы 27 маусымда, Мәскеуде)
Ғасырлық туынды
- «Абай жолы»романының 1кітабы қай жылы жарық көрді?
(1942 жылы)
- «Бұл шығарма әлемнің басқа елдерінде де тең түсетін, ХХғасырдың ең үздік шығармаларының бірі»-деп баға берген кім?
( Француз жазушысы Луи Аргон)
3.1959жылы «Абай жолы»романы қандай сыйлыққа ие болды?
(Лениндік сыйлыққа ие болды)
- «Абай жолы» романының бас кейіпкері кім?
Баспалдақтар
- Күшікбай батыр туралы қай әңгімеде суреттеледі?
«Қорғансыздың күні»
- «Қараш-Қараш оқиғасының» бас кейіпкері кім?
( Бақтығұл)
- «Түнгі сарын» драматургиялық туындысы қандай тақырыпта жазылды?
(1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс)
- 1917жылы Ойқұдық жайлауында Абайдың жары Әйгерімнің киіз үйінде тұңғыш жарық көрген туындысы?
(Еңлік-Кебек пьесасы)
Сегіз қырлы –бір сырлы
- Мұхтарды кім деп танимыз?
(Классик,жазушы)
- Өмірінің соңғы күндеріне дейін қандай жұмыс пен айналысты?
(Қазақ университетінде «Абайтану» курсынан дәріс берді)
- 1920-21 жылыСемей обылысында қандай жұмыс атқарды?
(Облыстық соттың меңгерушісі қызметін атқарды)
- 1946 жылы қандай атақ берілді?
( Қазақстан ҒА-сының №1 академик куәлігі,фиология ғылымның
доктор профессор атағы берілді)
1-жүргізуші
Қойылым. «Еңлік- Кебек»
1-көрініс.Сахна ерте заманға сай безендірілген. Сахнаның ортасында қобызын тартып Нысан абыз отырады.
Автор: Он бесінде Кебектің аты шықты,
Атты, жаяу бәріне бірдей мықты.
Көзі өткір, қараторы жігіт екен,
Орта бойлы, тапалдау, кең иықты.
Ел қамы үшін өлуге жанын сайлап,
Соғыс десе тұрмайды қой сабайлап.
Жауға батыл, жақынға және әдепті,
Кіші іні, үлкенді ағатайлап.
(Осы кезде сахнаға иығына садағын асынған Кебек батыр шығады.)
Автор: — Ол кезде балгер болған Нысанабыз,
Шын даулескер бақсының өзі нағыз.
Жыны айта ма, кім білсін, шын айта ма,
Айтқаны келеді деп қылады аңыз.
Кебек: — Ассалаумағалейкум, Нысанабыз!
Нысан абыз: — Уағалейкумассалам, Кебек батыр. Жолың болсын!
Кебек: — Ей, Абыз, қобызыңды қолыңа алып маған балашып бергеніңді қалаймын. Тағдырымның қалай боларын білмекке әдейі іздеп келдім. Не айтсаң да естуге дайынмын, нар тәуекел! Қандай ақы сұрасаң да мойныма арт, балыңа не түссе де жасырмай айт!
Нысан абыз: — Шырағым, бал аштым деп мал алмаймын. Ол үшін сенен ақы сұрамаймын. Жаман айтсам жабығып қаларсың. Ал мен жынның сөзін жасырып қала алмаймын.
(Осыны айтып Нысанабыз қобызын қолына алады.Сахнада «Қорқыттың күйі естіліп тұрады.)
Нысан абыз:-Кебек батыр, ажалың биік қабақ сұрлау қыздан болады. Ондай қызға көңіл бөлме. Қаражартастың түбінде кез келеді. Әдейі бармассың, ойда-жоқта кез боларсың. «Сақтықта қорлық жоқ деген» бар ғой, сақтанып жүрерсің. Сақ болғай сың.
Кебек: — Жынның сөзін тыңдап қайтем. Қош боп тұр, Абыз.
2-көрініс.Сахнада киіз үйдің ішінде шал мен кемпір және қызы бар.
Боранда адасып Кебек батыр осы үйге келеді.
Автор:
Мұнан кейін азырақ заман өтті,
Салқын түсіп, қар жауар мезгіл жетті.
Қарашаның алғашқы кары жауып,
Кебек батыр құс алып аңға кетті.
Бораннан байқай алмай барар бетті,
Түн ішінде адасып Кебек кетті.
Осы Хақан3 өзеннің, аяғында
Қыстаған бір Матайға келіп жетті.
Кебек:-Кеш жарық. Боранда адасып келем.
Шал: — Кім болсаң да қош келдің, төрлет.
(Кемпір мен қыз дастарқан жайып, сусын береді.)
Кебек: — Аңқуған Тобықты руынанмын. Атым – Кебек.
Кемпір: — Жарайды, қонаққа төсек салайық.
Сахнада Кебек пен қыз калады.
Қыз:Атым – Еңлік. Мен бір бағым жанбай жүрген сорлымын. Өзім қаламаған адамға атастырылып, қайғыдан көз аша алмаймын. Еріксіз бір есекке қосақталған жайым бар. Сенің маған тең екеніңе көзім жетеді. Кебек батыр, менің өмірлік жолдасым болып, мына басымдағы азаптан құтқаруға уәде берші.
Кебек: — Мен келістім. Екеуміздің қосылуымызды ата- бабаларымыз қаламас, бірақ не болса да бірге көрейік. Бер қолыңды.
(Еңлік пен Кебек қол ұстасып сахна сыртын ашығып кетеді.)
3- көрініс.Сахнада Еңлік бесік тербетіп отыр. Қасында Кебек садағының жебесін ұштап отырады.
Кебек: — Біздің елден жасырын жырақта тауды паналап жүргенімізге де біраз уақыт болды-ау.
Еңлік: — Бұл дүрбелең қашан басылар екен.
(Осы кезде сахнаға бірнеше қуғыншы айғайлап кеп кіреді де Кебекпен Еңлікті сүйрей жөнеледі.)
Сахнада қолдары арттарына байланған Еңлік пен Кебек.
Еңлік: — Ау, жұртым! Бір-екі ауыз сөз айтайын. Өлерде үш тілек орындалады деуші еді ғой. Әйтеуір, өлтіруге дайын тұрсыңдар ғой.
Бәрі шулап: — Айт тілегіңді! Айтсын, айтсын!
Еңлік: — Мына бала – Тобықты руының баласы ғой, Кеңгірбай биге тапсырыңдар.
Жұрт қаумалап Еңлік пен Кебекті ала жөнеледі. Сахнада бесік қалып қояды. (Сахнада мұңлы қобыздың үні естіліп тұрады.)
Автор:
Надан жұрттың болады діні қатты:
Қабекеңе тапсырмай аманатты,
Шеткі Ақшоқы маңында қалған бала
Шырқырап күн батқанша жылап жатты.
2 -жүргізуші
Әуезов әлемi дейтiн кең дүниенің жаратылысы мен табиғатын екі сөзбен қайырып айту мүмкін емес. Оны терең танып, жан-жақты талдау – әр дәуір, әр ұрпақтың киелі мiндетi. Француздар – Бальзакты, орыстар – Толстойды, американдықтар – Драйзердi, немістер – Гетені қалай зерттеп, зейiндесе, қазақтар Әуезовті дәл солай тануға ұмтылғанда ғана ұлттың өзiн-өзi тануы, өзiн-өзi бағалауы, өзiн-өзi қадiрлеуi қалыптаспақ, күшеймек, жалғаспақ. Әуезов әлемi көзге көрiнбейтiн ғажайып ұлы сиқырымен, құдiретiмен ұлттық рух тәуелсiздiгiн қорғауға, сақтауға үйретедi!
1-жүргізуші
Келер ғасырда да кемелдене беретiн кемеңгер М.Әуезов – тек сiз бен бiздiң ғана емес, әлi дүниеге келмеген жаңа ұрпақтардың да сарқылмас игiлiгi, өлшеусiз бақыты. Өйткенi, М.Әуезов құдiретi оның елге деген шексiз махаббаты мен сенiмiнде жатыр. Осы бiр ақиқатты сезiну мына бiздерге, бүгiнгi тәуелсiз мемлекеттiң iргесiн нығайтып жатқан ұрпаққа қажымас қайрат, жасымас жiгер қосады
2-жүргізуші
Шырқау шыңына Шыңғыстың
Ұлы Мұхтардың қыран-қиялы
Биігінде тұр әлемнің.
Қазаққа мына Мұхтардай арыс
Тумайды қайта десем де,
От болып туып, шоқ болып жанған,
Жалынды ғұмыр өшер ме?
Киелі Шыңғыстың топырағынан
Нәр алып өскен бір ұлмын,
Ұлы Мұхтардың жерлесімін деп,
Мақтана аламын осы елге.
Қорытынды:
Музыкалық номер:
1-жүргізуші: Осымен «Мұхтар әлемі» атты Мұхтар Әуезовке арналған кешімізді аяқтаймыз.
2-жүргізуші: Көңіл қойып тыңдағандарыңызға көп- көп рахмет!